БҚО полиция департаменті медицина қызметкерлеріне арналған ауқымды форум өткізді
БҚО полиция департаменті медицина қызметкерлеріне арналған ауқымды форум өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен медицина қызметкерлеріне арналған ауқымды форум өтті. Басқосуда интернет-алаяқтықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Форумға БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Абылайхан Серіков төрағалық етті. Сондай-ақ жиынға БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнара Абдрахманова және сала мамандары қатысты.
Жиын барысында спикерлер интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан сақтану жолдары жайында жан-жақты баяндады. Құқық қорғау органдарының өкілдері медицина қызметкерлерінің интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігін түсіндіріп, нақты кеңестер берді.
Форум аясында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары да сөз алып, есірткі қылмыстарымен күрес, есірткі таратудың алдын алу және осы саладағы заңнамалық өзгерістер жайлы айтып өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар интернет-алаяқтыққа қарсы әрекет ету бойынша білімдерін тереңдетіп, өзара тәжірибе алмасып, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар есірткі қылмыстарына қатысты заңнамалық өзгерістер мен олардың қоғамға әсері туралы мәліметтер ұсынылды.
Бұл форум медицина қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының тығыз қарым-қатынасын нығайтып, өңірдегі қылмыстың алдын алу бағытында маңызды қадам болды.