БҚО полиция департаментінде кезекті консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде кезекті консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы ПД жанындағы консультативтік-кеңесші орган мүшелері мен ішкі істер бөліністері басшы құрамының кезекті отырысы болып өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын отырыстың негізгі мақсаты – ішкі істер органы қызметіне халық сенімін арттыру, полиция мен тұрғындар қарым-қатынасын нығайту, консультативтік, әдістемелік және өзге де әлеуметік мәселелерді шешуде орган тарапынан қажетті көмек көрсету. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ішкі істер органы қызметінің өзекті мәселері туралы қалың көпшілікті жан-жақты ақпараттандыру.
Кеңес отырысында бүгінгі күні қоғамда өзекті мәселеге айналған тақырыптар талқыланды. Соның ішінде балалардың құқығын қорғау, балалардың жазғы лагері және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары туралы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиев баяндама жасады.
Баяндамасында оқушылар мен жасөспірімдердің жазғы демалысының сапасы мен қауіпсіздігі, балалардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары жайында сөз қозғалды.
– Ағымдағы жылы балалардың қатысуымен орын алған ЖКО 3 есе (13-тен 45-ке), жарақаттанғандар саны 3,6 есе (15-тен 54-ке) өссе, 3-і қайтыс болды. Балалардың қатысуымен 21 ЖКО орын алған. Балалардың кінәсінен 5 ЖКО тіркеліп, оның 3-де ата-аналарының салғырттығының нәтижесінде жол берілген, салдарында 2-і қайтыс болып, 3-і дене жарақаттарын алды, – деп көрсетті Ернар Темурұлы.
БҚО бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтар туралы БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Нұрлан Абылайұлы баяндап берді.
Ол кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың әрбір орта білім беретін оқу мекемелеріне БҚО ПД-ның бұйрығымен криминалдық полиция жедел уәкілдері бекітіліп, оқу орындарының басшыларымен тығыз жұмыс жүргізілуі тілге тиек етілді. Нәтижесінде жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың оң нәтижесі ретінде кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты қылмыстар санының 2,1 есе және қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардын саны 43,5 пайызға төмендегені және бүгінгі таңда кәмелетке толмағандарға қатысты ашылмаған қылмыстар жоқ екені айтылды.
Отырысты қорытындылай келе, ПД консультативті-кеңесші орган мүшесі Шаттық Утебалиева жазғы демалыс кезінде балаларға қауіпсіздікті толығымен қамтамасыз етуді қолға алуды, соның ішінде су жағасындағы демалыс орындарында катерлерлердің жылдамдықты асырмау қажеттілігін түсіндіруді ескертті.
Сонымен қатар, ККО мүшесі, журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен түрлі рейдтік іс-шараға шығуды ұсынды.