Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО ҚАЖД басшылығы «Ақжайық» телеарнасын 60 жылдық мерейтойымен құттықтады

БҚО ҚАЖД басшылығы «Ақжайық» телеарнасын 60 жылдық мерейтойымен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД басшылығы «Ақжайық» телеарнасының 60 жылдық мерейтойына орай, телеарна ұжымын мерекемен құттықтады. ҚАЖД өкілдері телеарнаның өңірдегі оқиғаларды объективті түрде жеткізіп, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметін жариялау ісіндегі маңызды рөлін атап өтті.

«Ақжайық» телеарнасы бірнеше онжылдықтар бойы облыс тұрғындары үшін сенімді ақпарат көзі болып келеді, заманауи әрі сапалы контент ұсынады. Департамент басшылығы ақпараттық қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, телеарна қызметкерлерінің кәсібилігін жоғары бағалады. Әрдайым көрермендерді маңызды оқиғалардан хабардар етіп отыратындығын тілге тиек етті.

Ізгі тілегімен қатар департамент басшылығы телеарнаға ҚАЖД атынан Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар ҚАЖД мекемелерінде сотталғандардың өндірістік аймақтарында қолмен жасалған бұйымдар телеарна музейіне сыйға тартылды. Бұл ерекше бұйымдар сотталғандарды еңбекке баулу және шығармашылық қабілеттерін дамыту үдерісін көрсетеді.

– Сіздердің ұжымдарыңыз ақпарат әлеміне жол ашып, барлық жаңалықтардан дер кезінде хабардар етіп отырады. Сіздер әрдайым оқиғалардың ортасында болып, көрермендерге шынайы мәліметтерді жеткізесіздер. Шын жүректен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз, – деп жазылған құттықтауда.

ҚАЖД басшылығы «Ақжайық» телеарнасының алдағы жұмысына шығармашылық табыстар тілеп, өңір игілігі үшін жасалатын өзара ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына сенім білдірді.

60 жыл бұрын құрылған «Ақжайық» телеарнасы бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының ақпараттық кеңістігінде маңызды рөл атқарып, аймақтағы негізгі оқиғаларды жариялауды жалғастырып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру