БҚО-да тергеу изоляторына тыйым салынған затты жеткізу әрекеті әшкереленді
БҚО-да тергеу изоляторына тыйым салынған затты жеткізу әрекеті әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
23 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы бойынша қауіпсіздігі аралас №74 мекемесінде тыйым салынған затты жеткізуге талпыныс дер кезінде тоқтатылды. Режим бөлімі қызметкерлерінің жедел ақпараты негізінде жүргізілген тексеру барысында, азық-түлік сәлемдемесінің ішінен жасырын жасыл түсті ерекше иісі бар сұйықтық тәркіленді. Тыйым салынған бұл зат сусабын құтысына құйылып, скотчпен мұқият оралған күйде жеткізілмек болған.
Аталған факт бейнебақылау жүйесіне тіркеліп, құқық бұзушы М. есімді азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкеc жауапқа тартылды. Іс материалдары Орал қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.
Мекеме әкімшілігі мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу бағытында бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізілетінін еске салады.