БҚО тұрғынынан тиісті құжаттары жоқ 2 мың литрге жуық спирт тәркіленді
Батыс Қазақстан облысының тұрғынынан полицейлер тиісті құжаттары жоқ 2 мың литрға жуық спиртті тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласында полиция қызметкерлері облыс орталығының тұрғыны басқарған Ssang Yong автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында автокөлік салонында спиртпен толтырылған 5 литрлік 30 пластикалық бөтелкені анықтады.
Жүргізушінің тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде полицейлер аулада тұрған Нивa көлігінің ішінен ұқсас спирт өнімдері бар тағы 40 пластикалық бөтелкені анықтады. Үйдің ішінде, кіреберісте және жатын бөлмелерде әрқайсысының сыйымдылығы 5 литр болатын 299 бөтелке спирт тәркіленді.
Барлығы тәркіленген спирт өнімінің көлемі 1845 литрді құрады, аталған өнімдердің тексеру барысында тиісті құжаттары болмағаны анықталды.
Тексеру барысында оның облыс аумағында осы өнімді заңсыз сатумен айналысқаны анықталды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицейлер алкоголь мен темекі өнімдерінің заңсыз айналымы азаматтардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін еске салады. Сертификаттау мен сапаны тексерудің болмауы – улану қаупін және басқа да жағымсыз әсерлерді арттырады.
Заңсыз өніммен күрес “Заң және тәртіп” қағидатын іске асыру шеңберінде жүргізіледі және осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.