Бурабай ұлттық паркі аумағында заңсыз балық аулау фактісі анықталды
Бурабай ұлттық паркі аумағында заңсыз балық аулау фактісі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полицейлері Бурабай ұлттық табиғи паркінің аумағында балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісінің жолын кесіп, браконьерлерді ұстады. Тәртіп сақшылары 178 килограмм тұқыны тәркіледі.
7 маусым күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері Біржан-Сал аудандық полиция бөлімі мен "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлерімен бірлесіп түнгі рейд жүргізді. Жүкей көлі маңында "ГАЗель" және "Ауди 80" көліктері тоқтатылып, жүк көлігінен резеңке қайықтар мен торлар тәркіленді.
Көліктерде болған азаматтар Қарағанды, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келгені анықталды. Заңсыз ауланған 178 келі тұқы сол жерде анықталып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер заңсыз әрекеттердің толық мән-жайын анықтауда.