Бурабай жағажайындағы ұрлық: полицейлер күдіктіні анықтады
Полицейлер Бурабайдағы жағажайда болған ұрлық қылмысын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бурабайдағы орталық жағажайда демалып жатқан Астана қаласының тұрғыны ұрлықтың құрбаны болды. 35 жастағы әйел бағалы зергерлік бұйымдары мен iPhone 16 смартфонын ұрлатып алған. Келтірілген материалдық шығын көлемі – 1 850 000 теңге.
Заттарының жоғалғанын байқаған бойда жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғынды анықтады. Қазір бұл тұлғаға қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу жалғасуда.
Полиция демалыс орындарында, әсіресе жағажайларда жеке заттарға мұқият болуға және оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.