Бурабайда полицейлер ер адамды құтқарып қалды
Бурабайда полицейлер ер адамды құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бурабай ауданында полиция қызметкерлерінің шұғыл және кәсіби әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. 17 мамыр күні кешкі уақытта Щучинск қаласында өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адам аман қалды.
Бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған алғыс хатта жазылды. Хабарлама авторы – @shchuchinsk_life қауымдастығының жазылушысы – полицейлердің жылдам әрі үйлесімді әрекетіне ерекше ризашылығын білдіріп: "Бүгін мен бірнеше минут ішінде адам өмірін сақтап қалған тәртіп сақшыларына алғыс айтқым келеді. Қоңыраудан кейін бірден келіп, оның қайда екенін анықтады. Олардың арқасында өлім аузындағы адам аман қалды. Осындай жауапкершіліктеріңіз үшін рахмет!", – деп жазды.
Ресми мәліметке сәйкес, сол күні Әуезов көшесін патрульдеп жүрген тәртіп сақшылары Ербол Асенов пен Даулет Олжабаевқа сағат 22:00 шамасында "102" қызметіне қоңырау келіп түскен. Қоңырау шалған бойжеткен ағасының тоғыз қабатты үйдің төбесінде тұрып, өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлаған.
Оқиға орнына бірінші болып жеткен полицейлер Ғасыр Балташев пен Руслан Ануарбеков әріптестерімен бірге барлық үш үйдің шатырын тексеріп шықты. Тек үшінші үйдің төбесіне көтерілу мүмкін болды. Сол жерден шетке таяу тұрған жас жігіт табылды.
Қиын сәтте Ғасыр Балташев батылдық танытып, азаматты соңғы сәтте күртешесінің капюшонынан тартып үлгеріп, оның өмірін аман сақтап қалды. Өзі де құлап кетсе де, нақты әрі шешімді әрекетімен ауыр трагедияның алдын алды.
Құтқарылған азаматқа дереу психологиялық көмек көрсетіліп, Бурабай аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Оған әрі қарай қажетті қолдау ұйымдастырылды.
Полиция азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау – құқық қорғау органдары қызметінің басты бағыты екенін баса айтты. Бұл оқиға — патрульдік қызметтің адалдығы мен жанкешті еңбегінің жарқын көрінісі.