Поштаның бұрынғы қызметкері тұрғынның есепшотынан ақша шешіп алған
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның ақшасын есепшотынан шешіп алған поштаның бұрынғы қызметкерін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық полиция бөлімшесінің кеңсесіне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер
адам есепшотына мемлекет тарапынан түскен 30 мың теңгеге жуық ақшасын пошта бөлімшесінің белгісіз қызметкері заңсыз шешіп алғанын көрсетті. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Істің толық мән-жайын анықтау мақсатында полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды.
Нәтижесінде, осы қылмысқа қатысты күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын, бұрын поштада
жұмыс істеген ер адам болып шықты.
Тергеу барысында күдікті пошта бөлімшесінің қызметкері болған кезінде құжатқа өзі қол қойып, тұрғынның ақшасын шешіп алғаны белгілі болды. Осылайша өзінің қызметін пайдалана отырып, жалған құжаттармен, өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін иемденген күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-
таражға салу) және 385-бабы (жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша тергеу амалдары жүргізілді.
Күдікті өзінің жасаған іс-әрекетін мойындады. Заңсыз шешіп алынған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергендігін жеткізді. Бас шарасы қолхатпен босатылды.
Қазіргі таңда жинақталған іс-құжаттары аудандық сотқа жолданды.