Бұзақылар полицияның заңды тәртібіне бағынбады
Түркістан облысының полицейлері тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен ағайындыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғыннан көше бойында белгісіз адамдар ұялы телефонын тартып алғаны жөнінде хабарлама келіп түседі.
Арызданушы жігіттің айтуынша, жол бойында өзіне таныс емес тұрғындармен сөзге келіспей қалып, дау туындаған. Содан күдіктінің бірі жәбірленушіге бір-екі соққы бергенін, сол жерде қалтасынан ұялы телефоны түсіп қалғанын хабарлаған. Осыдан соң, телефонын қайтарып ала алмаған жәбірленуші полициядан көмек сұрауға мәжбүр болған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тіркеді.
Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік полиция инспекторлары Медет Тұрсынбек, Бекен Әлібек, Әділет Көшер мән-жайды анықтауға кіріседі. Жәбірленушіден жауап алып, күдіктілердің жеке-басын анықтап, мекен-жайы арқылы табады. Бұзақылық жасағандар ағайындылар болып шықты. Алайда күдіктілер полицейлерге қарсы түрлі балағат сөздерді айтады. Тәртіп сақшылары сабырға келуін сұрағанымен, құқық бұзушылар заңды талаптарға бағынбай, өздерінің дөрекі мінезін көрсетуін жалғастыра береді. Тіпті учаскелік полиция қызметкерінің біріне күш қолданып, ұрып-соғады.
Осылайша сақшылар ағасы мен інісіне ҚР ҚК-нің 380-бабы (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) және 378-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша тіркеді. Күдіктілердің екеуі де қамауға алынып, бүгінде соттың қаулысымен кепілмен босатылған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға қоғамдық орында тәртіпті бұзбауға кеңес береді. Мас болып, тұрғындардың мазасын алмау керектігін ескертеді. Сонымен қатар, өз қызметтік міндетін атқаруға келген билік өкілдеріне күш қолданудың соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ескертеді. Сондықтан қарсылық көрсетіп, құқық бұзушылық жасағанша, өз қауіпсіздігіңізді ескеріп, заң талаптарына бағынғандарыңыз жөн.
Егер де сіз осындай оқиғалардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз полицейлерге хабар беріңіз!