Cотталған азаматтар арасында «Үздік ерікті» анықталды
Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Әуезов ауданының пробация қызметкерлері пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандар арасында «Үздік ерікті-2020» байқауын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осыған байланысты Семей қаласы Әуезов ауданының пробация қызметкерлері пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандар арасында «Үздік ерікті-2020» байқауын өткізді.
Байқауға еріктілер қатарына қосылып, қайырымдылық шараларына белсенді қатысып жүрген 30 сотталған азамат қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша сотталған Р.Бураханов ең белсенді ерікті ретінде танылды. Рахман Бурахановтың Әуезов аудандық пробация қызметіне есепке тұрғанына бір жылдай уақыт болды. Ол еріктілер құрамына 2020 жылғы 12 мамырда қосылған.
Жарты жыл ішінде Рахман бірқатар игі істерді атқаруға атсалысты, атап айтқанда ол көпбалалы отбасыларға оқу құралын жеткізіп берді, жетімдер үйіне өз қолымен ойыншық үй әзірледі, ағаштан үстелдер мен орындықтар жасады.
Ол өзінің көршісі 85 жастағы Нина Морозоваға үнемі көмектеседі. Күні кеше ғана көмір тасуға жәрдемдесті. Нина Петровна мұны өз бетімен жасай алмайды. Зейнеткер жалғыз тұрады, оның жақын жерде туыстары да жоқ. Жалғызбасты әженің айтуынша, мұндай көмек үлкен қолғабыс.
– Мен жасыма байланысты өз бетіммен ештеңе істей алмаймын. Рахман күн сайын жағдайымды жасап тұрады. Оған үлкен алғыс айтамын және жарыста жеңіске жетуін тілеймін, – деді Нина Петровна.
Әуезов аудандық пробация қызметкерлері Рахманға жобаға қатысқаны және еріктілердің қатарында азаматтарға көмектесуге бар күш-жігерін салғаны үшін алғыс хат табыстады.