Cыбайлас жемқорлық қылмыстар саны үш есеге азайды
Биыл Қостанай облысының Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны үш есеге азайған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының ПД бастығы Бекет Аймағамбетов халыққа есеп беруді «Facebook»-тегі ведомство парақшасы мен өз парақшасы арқылы өткізді. Ол полицейлерге қатысты әрбір шағым бойынша мұқият талқылау жүргізіліп, дербес баға берілетінін хабарлады.
Ең өрескел құқық бұзушылықтар тәртіптік комиссияда қарастырылады, нәтижесінде қызметкерді ішкі істер органдарынан босату, атағын төмендету немесе қызметінен босату сияқты түбегейлі шаралар қабылданады.
Оның айтуынша, биыл жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны үш есеге қысқарған. Сонымен қатар қызметкерлердің өз міндеттерін орындау кезінде жіберген кемшіліктерінің де саны азайған.
Жыл басынан бері елеулі теріс қылықтары, оның ішінде қызметіне нұқсан келтіргені үшін ішкі істер органдарынан 27 қызметкер босатылған.
– Мұндай нәтижелерге қызметкерлердің санасын өзгерту бойынша мақсатты, жоспарлы жұмыстар жүргізу арқылы қол жеткізілді, – деп атап өтті ведомство басшысы.