ШҚО-да полицейлер алаяқтардан зардап шеккендерге 50 млн теңгеден астам ақшаны қайтарды
ШҚО-да киберполицейлер алаяқтардан зардап шеккендерге 50 млн теңгеден астам ақшаны қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Цифрландыру және өмірдің барлық салаларының дамуына байланысты интернет-алаяқтық тақырыбының өзектілігі артып келеді. Полиция қызметкерлері бұл мәселені үлкен аудитория үшін жариялауды маңызды деп санайды. Тәртіп сақшылары профилактикалық шараларға ерекше назар аударады, жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтан келген жалпы шығын 500 миллион теңгеден асты.
Алаяқтар күн сайын жаңа айлалар ойлап табу үстінде. Интернетте алаяқтар өмірдегі әдістерді қолданады, яғни ашкөздік танытып, қорқыныш сезімін ұялатады. Олардың мақсаты – сіздің банктік картаңыздың немесе электрондық шотыңыздың деректерін білу, онда жиналған қаражатты иемдену. Полицейлер көбінесе зейнеткерлікке жақындаған және зейнет жасындағы адамдар алаяқтардың құрбанына айналатынын атап өтті.
ШҚО полиция департаментінде «CyberPol» тобында «бір терезе» қағидаты бойынша жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистер қатар жұмыс істейді. Мамандар заманауи технологиялар мен терминдерді қолданады, былайша айтқанда олар заман ағымымен қатар жүріп келеді. Полицейлер қылмыстарды тіркеуді ғана емес, тергеудің толық процесін жүзеге асырады. Сондай-ақ киберполицейлер банктермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді және күдікті транзакциялар жасалған шоттарды бұғаттау туралы жедел қаулылар шығарады.
Ағымдағы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша ПД киберпол қызметкерлері 30-дан астам қылмыстық құқық бұзушылықтың бетін ашып, азаматтарға келтірілген 50 миллион теңгегеден астам шығынды қайтарды.
Мысалы Өскемен қаласының тұрғынына қаскөйлерден көлік ұтып алғандығы жөнінде қоңырау келіп түскен және осы көлікке құжаттарды ресімдеу үшін көрсетілген шоттарға алдын ала төлем жіберу қажеттілігі жөнінде айтылған.
– Жәбірленуші алаяқтардың нұсқауларын орындап, оларға 750 000 теңге жіберген. Ақша аударылғаннан кейін онымен ешкім байланысқа шықпаған соң ер адам полицияға жүгінген. Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында қаскөй Астана қаласына қызметтік іссапарға келген кезінде анықталып, ұсталды. Ақшалай қаражат жәбірленушіге қайтарылды, – дейді ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Арыстанбек Нұрай.
Сонымен қатар киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері интернет-кеңістікке тұрақты негізде бұрын байқалған жалған жарнамаларды және жалпы заңсыз контентті анықтау мақсатында мониторинг жүргізіп отырады.
Осылайша жыл басынан бері полицейлер 600-ден астам сілтемелер мен жалған хабарландыруларды бұғаттаған.
Киберполицейлер халықты қаскүнемдердің арбауына түсіп қалмас үшін олардың айла-амалдарынан қорғау мақсатында күн сайын хабарландырулар жасап, ескертіп отырады. Сондай-ақ мұндай жағдайларда ең дұрыс әрекет ешқашан, ешкімге және ешбір жағдайда өзіңіздің жеке деректеріңізді хабарламау және бермеу, белгісіз мобильді қосымшаларды орнатпау екенін ескертеді.