Діни әдебиеттерді таратқан ақмолалықтар жауапқа тартылды
Діни әдебиеттерді таратқаны үшін ақмолалықтар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Ақмола облысы ПД полицейлері діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратқаны үшін 4 жергілікті тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Мысалы мониторинг барысында Ақмола облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Telegram», «WhatsApp» мессенджерлерінде діни сипаттағы таратылымдарды жіберген ер адамды Атбасардан тапты.
Ер адам қызықты және жаңа нәрсе туралы білу мақсатында өзінің жеке әлеуметтік желісінде бөліскенін айтты.
Нәтижесінде Атбасар ауданының 41 жастағы тұрғыны діни мазмұндағы материалдарды таратқаны үшін сот шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, 129 220 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Ақмола облысы ПД экстремизмге қарсы іс – қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Камила Шарипова: «діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы айқындаған стационарлық үй-жайларда таратуға жол беріледі», – деп түсіндірді.
Сондай-ақ қызметкер ақмолалықтарға осындай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы еске салды. Егер сізде осындай қылмыстар туралы қандай да бір ақпарат болса, онда 102 телефоны бойынша дереу полицияға хабарласыңыз.