Диаспора өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды
Қарағанды қаласының ПБ ғимаратында Қарағанды қаласының диаспора өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің басты мақсаты Қазақстан Республикасы аумағында азаматтығы жоқ шетел азаматтарын құжаттандыру тәртібі, оларды жұмысқа қабылдау талаптарын түсіндіру және олар жасайтын құқық бұзушылықтардың жолын кесу.
Кездесуге Қарағанды облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшылығы, Полиция басқармасының ӘПБ, ЖПҚБ, ЖПББ қызметтерінің басшылары қатысты.
Іс-шарада алғашқы болып сөз алған Қарағанды қаласының ПБ бастығының бірінші орынбасары Ерлан Ақылбеков қаладағы шетел азаматтарына қатысты орын алған құқық бұзушылықтарға тоқталып өтті.
Сонымен қатар Қарағанды қаласының ПБ бастығының орынбасары Шахназар Салин Қарағанды қаласының аумағында орналасқан «Алтын арба», «Шығыс», «Самал» сауда орындарында орын алатын қылмыстарды ашу, алдын алу және ескерту бойынша Қарағанды қаласы Ішкі істер органдары атқарып жатқан бірқатар жұмыстарды талқылай келе, аталған сауда орындарының аумағында бірнеше бейнекамера орналастыру жоспарланғанын тілге тиек етті.
Кездесу соңында шақырылған диаспора өкілдері аталған мәселелерді шешуде ішкі істер органдарына өз тараптарынан көмек көрсететіндігін атап өтті.