Дөңгелек үстел ұйымдастырылды
Қызылордалық полицейлер «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында өткізілген дөңгелек үстелге қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласының №5 мектеп-лицейінде қалалық білім бөлімі «Отбасы құндылықтары. Гендерлік саясаттың бүгіні мен ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Кездесуге Қызылорда қалалық білім бөлімінің кәсіподақ төрайымы Орынша Алимбетова, Қызылорда қаласы ПБ ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Сәуле Салходжинова, ардагер ұстаз Макузия Мусабаева, көпбалалы ана, ұстаз Айнұр Сырғабаева және 8-11 сыныптардың оқушылары қатысты.
Қазіргі таңда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі құқықтық міндеттемелерін орындау мақсатында мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, жекелеген отбасыларда аналарға және балаларға қатысты ер азаматтар тарапынан жасалатын физиологиялық, психологиялық зәбір көрсету фактілері тыйылмай отыр.
Жыл сайын 25 қарашада БҰҰ Бас ассамблеясының бастамасымен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні аталып өтеді. «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы 10 желтоқсанға дейін жалғасын табуда.
Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мысалы, мұндай жағдайларда мұқтаж аналарға материалдық-моральдық тұрғыдан көмек көрсетіліп, оларды қандай-да бір еңбекпен қамтитын, психологиялық тұрғыда сауығуына көмектесетін, қалыпты өмір сүруіне жәрдемдесетін дағдарыс орталықтарының қажеттілігі туралы әңгіме қозғалды.
Сонымен қатар аталған проблеманы шешу үшін құқық қорғау органдары ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының күшін біріктірудің қажетті екендігі де әңгіме арқауына айналды.