Досының өліміне себепші болған қызылордалық сотталған өкінішін айтты
Досының өліміне себепші болған қызылордалық сотталған өкінішін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абайсызда жол-көлік оқиғасына түсіп, досының өліміне себепші болған қызылордалық азамат болған жайды өкінішпен еске алды. Ол осы қайғылы оқиғадан кейін сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын Қызылорда қаласындағы ЗК-169/4 қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеп жатыр.
– Досым екеуміз жол жөндеу саласында жұмыс жасайтынбыз. Өткен жылдың күз айы болатын. Досым екеуіміз жұмыстан кейін ішімдік іштік. Мен масаң күйде көлік жүргіздім, ал досым менің жанымда отырды. Бір уақытта жылдамдықты қатты асырып алдым ба, есімде жоқ, есімді жиғанымда көлік апатына түсіппіз. Әрине, бұл күн менің есімде өмірімдегі қаралы күн болып жатталып қалды. Себебі мен досымнан мәңгілікке айырылдым. Ойласам, әлі күнге дейін өзегім өртенеді. Дәл сол күндері өмірден түңіліп кеткен кездерім де болды. Мас күйде көлік жүргізбеуім керек еді. Бұл қателігім өзіме өмірбойы сабақ болды және бұл ісім үшін әлі күнге дейін өкінемін, – деп жазасын өтеуші осы бір қайғылы оқиғаны айтып берді.
ЗК-169/4 мекемесінің психолог маманы Салтанат Сәбитбекқызы сотталғанның мекемеге түскен кезінде қатты күйзелісте болғанын айтады. Алайда тиісінше көрсетілген психологиялық көмектердің арқасында жазасын өтеуші қазіргі таңда өзін жақсы сезінеді.
– Байқаусызда қателікке бой алдырған осындай жазасын өтеушілер психолог мамандардың жеке қабылдауында болып, түрлі психологиялық тренингтер мен мекемеішілік іс-шараларға қатыстырылады. Біздің мақсатымыз – өмірде аяғын шалыс басып, бас бостандығынан айырылған жазасын өтеуші сотталғандардың бұрынғы қателігін қайталамауына және қоғамға бейімделулеріне барынша көмек беру, – дейді психолог маман Салтанат Сәбитбекқызы.