Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дроппер болу – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі

Дроппер болу – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда интернет-алаяқтық "оңай қосымша табыс" деген желеумен жиі жасырылуда. Осындай қылмыстық схемалардың ең қауіпті буындарының бірі — дропперлер. Дропперлік — бұл банк карталарын, төлем деректерін заңсыз беру немесе қылмыстық жолмен алынған қаражатты аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысу.

Дәл осы дропперлер арқылы алаяқтар ұрланған қаражатты шығарып, өздері тасада қалады. Көбіне мұндай схемаларға жасөспірімдер мен студенттер тартылады — тез табыс іздеп, салдарын ойламайтындар. "Тәжірибесіз-ақ оңай ақша табу" туралы хабарландырулар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, тіпті таныстар арқылы таралады. Уәде етілген сыйақының артында қылмыстық жауапкершілік жасырынып тұрады.

Банк картасы арқылы жасалған барлық операцияларға карта кімнің атына рәсімделсе, сол адам жауап береді. Ақшаны "басқа біреу" аударса да.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына сәйкес, дропперлік үшін айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұл норма азаматтарды, қаржы жүйесін қорғауға және киберқылмыстың жолын кесуге бағытталған. Құрметті азаматтар мен еліміздің қонақтары, сақ болыңыздар. Жеңіл ақша беделден айырылуға, соттылыққа және сынған тағдырға әкелуі мүмкін.

Алаяқтардың сізді соқыр құрал ретінде пайдалануына жол бермеңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру