Дропперлік – қылмысқа апаратын жол
Павлодар облысының полициясы дропперлікке байланысты қылмыстық істерді тергеп жатыр. Барлық күдікті анықталып, ұсталды. Қазір тергеу органдары қажетті процессуалдық іс-шараларды жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі кезде интернет-алаяқтық көбіне "жеңіл табыс" деген желеумен жасырын түрде ұсынылады. Мұндай схемада ең қауіпті буындардың бірі – дропперлер. Дропперлер – бұл банк карталарын, төлем деректерін заңсыз пайдаланатын немесе қылмыстық жолмен алынған ақшаны аударып, қолма-қол ақшаға айналдыратын адамдар. Алаяқтар дропперлер арқылы қаражатты шығарып алады, ал өздері көлеңкеде қалады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, "тәжірибесіз-ақ оңай табыс" туралы хабарландырулар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, тіпті таныстар арқылы таралады. Алайда, уәде етілген сыйақы артында қылмыстық жауапкершілік бар. Банк картасымен жасалған барлық операцияға сол картаның иесі жауап береді. Егер қаражатты басқа адам аударса да, жауапкершілік шот иесіне жүктеледі.
Мысалы, Павлодар қаласында 18 жастағы жұмыссыз азамат өз банк шотына белгісіз тұлғаға заңсыз қолжетімділік беріп, нәтижесінде алаяқтар бір азаматты шамамен 1 миллион теңгеге алдаған. Ал 29 жастағы ауыл тұрғыны тек онлайн танысына өз шотын берген, сол себептен адамдар 5 миллион теңгеден айырылған. Бұған қоса, Қарағанды қаласының студенті Павлодарда жүргенде өз банк шотын алаяқтарға беріп, "қызметі" үшін сыйақы алған. Қазіргі таңда барлық дроппер қылмыстық процессте және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауап береді.
Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Абетжановтың айтуынша, мұндай схемаларға көбіне жастар мен тұрақты табысы жоқ адамдар тартылады, бірақ рөліне қарамастан, шот иесі оның реквизиттерін алаяқтық мақсатта пайдаланғаны үшін жауап береді. 2025 жылдан бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл шара ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жасалатын қылмыстармен күресуге бағытталған.
Полиция қатаң ескертеді: банк реквизиттерін, интернет-банкингті немесе мобильді қосымшаларды үшінші тұлғаларға бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және тексерілмеген қосымшаларды орнатпаңыз. Өз шотыңызға қолжетімділік беру арқылы ұсынылатын кез келген "жеңіл табыс" – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
