Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дүйсекеновтер әулеті – адал қызмет пен отансүйгіштіктің үлгісі

Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында тер төгіп келе жатқан Дүйсекеновтер әулеті – құқық қорғау саласында еселі еңбек етіп жүрген әулеттердің бірі. Қызметке деген адалдық, отанға шынайы сүйіспеншілік, ұрпақтан ұрпаққа берілетін кәсіби дәстүр – бұл отбасының басты құндылықтары. Бұл әулет туралы ақпаратты Polisia.kz сайтынан оқи аласыздар.

Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қанат Дүйсекенов – бүгінгі күні құқық қорғау саласында абыроймен еңбек етіп жүрген азамат. Оның осы жолды таңдауы кездейсоқ емес – бала күнінен әкесі, милиция ардагері Бүркіт Жұмашұлына қарап өсті.

Бүркіт  Дүйсекенов құқық қорғау саласындағы қызметін 1981 жылы бастаған. Жол-патрульдік қызметтен бастап, түрлі басшылық лауазымдарда еңбек етті. Еңбек жолында Екібастұз, Қашыр, Май, Ертіс аудандарында және Павлодар облысының бірқатар басқармаларында қызмет атқарып, 2010 жылы абыроймен зейнетке шықты.

Ал Қанат Бүркітұлы 2009 жылдан бастап полиция қатарында еңбек етіп келеді. Әр жылдары учаскелік инспектор, патрульдік полицияда инспектор, Ақсу қаласында тіркеу-емтихан тобының аға инспекторы, учаскелік инспектор, бөлім бастығы және басқарма басшысының орынбасары сияқты қызметтерді атқарды. Қазіргі таңда – Солтүстік полиция бөлімінің бастығы.

– Әкем – менің бала күнгі идеалым. Ол мені кішкентайымнан қызметіне ертіп жүретін. Сол сәттер маған ерекше әсер етті. Оның тергеу кезіндегі қырағылығы, әділеттілігі мен табандылығы мен үшін үлгі болды. Бүгінде өзімнің де кәсіби жетістіктерімді балаларыммен бөлісіп, солардың бірінің болашақта біздің жолымызды жалғайтынына үміттенемін, – дейді Қанат Дүйсекенов.

Бүгінде Қанат Бүркітұлы жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Әке жолын қуған ұл – ел үшін қызмет етудің, ал отбасы – моральдық және рухани тіректің символына айналған. Дүйсекеновтер әулеті – қоғам мен мемлекет үшін қызмет етудің, кәсібилік пен патриотизмнің нақты бейнесі.

Мұндай әулеттер – елдің ертеңі үшін үлгі боларлық тұлғалар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру