Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дүкен ұрлығының 10-нан астам жайтына қатысы бар күдіктілер құрықталды

Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Келес АПБ-не 7 қаңтар күні аудан тұрғыны хабарласып, дүкенінен азық-түліктер ұрланғандығын жеткізеді, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.

Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «ұрлық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізеді. Дәл сол күні екінші бір тұрғын арызданып, ол да дүкенінен заттарының ұрланғандығын айтады.

Аталған іс бойынша полицейлер шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындардан сұрақ-жауаптар алады. Түнгі рейдке шығып, аудандағы барлық автокөліктерге тексеру жүргізеді. Осылайша кезекті түнгі рейд кезінде таңғы сағат 5-6-лар шамасында аудан полицейлері күдік туғызған көлікті тоқтатып, тінту жүргізеді.

Нәтижесінде көліктен қаптарға буылған азық-түліктер табылады. Сондай-ақ ұсталған азаматтардың Келес ауданы бойынша 10, ал Қазығұрт ауданында 2 дүкен ұрлықтарына қатысы бар екендігі белгілі болды. Екі күдіктінің көп ұзамай екі сыбайласы да қолға түседі. Олардың үйлерін тінту кезінде дүкендерден алынған айғақты заттар тәркіленеді. Алынған заттар өз иелеріне қайтарылды.

Бүгінгі таңда 4 ұсталған азамат та қамауда. Тергеу барысында анықталғандай күдіктілер ұрлық жайты бойынша сотты болғандар. Олар пробация қызметінің есебінде тұрған. Қазіргі уақытта Келестік сақшылар оларға қатысты тергеп-тексеру амалдарын жалғастыруда.

Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ескертеді:
Егер сіз осы секілді жайттардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда міндетті түрде уақыт жоғалтпастан «102» нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде қылмыстың тез арада ашылуына септігін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру