Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дүкен тонап, терминал бұзған топ ұсталды

Түркістан облысының полицейлері терминал бұзып, дүкенге ұрлыққа түсті деген күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Төлеби ауданында тәртіп сақшылары бірнеше дүкеннен ұрлық жасап, төлем терминалдарын бұзған қылмыстық топты, қылмыстық іс-әрекеттің жолын кесті. Полиция бөліміне Ленгер қаласындағы дүкендердің бірқатар иелері арызданып, белгісіз азаматтар дүкендеріне заңсыз кіру арқылы азық-түліктерімен кассадағы ақшаларын ұрлап кеткенін көрсеткен. Сондай-ақ ұрылар бірнеше төлем терминалдарын бұзып, барлық қолма-қол ақшаны жымқырған. Аталған жайттарды полиция қызметкерлері ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.
Күдіктілерді ұстау мақсатында Төлеби АПБ-де тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары қылмыс орнын мұқият тексеріп, күдіктілерден қалған іздерді алып, жақын аймақтарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді. Қабылданған шаралар нәтижесінде аудандық жедел уәкілдер дүкен ұрыларының ізіне түсті.
Төлеби АПБ-нің полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында күдікті ретінде екі жұмыссыз жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында ұсталғандардың барлығы осындай 6 ұрлық жайтына қатысы бары анықталып, жәбірленушілерге 2 миллион теңге көлемінде залал келтіргені белгілі болды.
Ағымдағы жылдың ақпан айында күдіктілер «Мерседес» автокөлігімен Леңгір қаласындағы дүкендердің біріне келген. Олар құралдарымен пластикалық терезелерді ашып, дүкенге кіріп, кассадан ақша мен азық-түлік өнімдерін ұрлаған. Содан кейін ұрылар төлем терминалын ашып, 150 мың теңгеден астам ақшаны да жымқырған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі жарты миллион теңгеден асты.
Соңғы ұрлықтардың бірін ұрылар ағымдағы жылдың сәуір айының басында жасаған. Түнгі сағат екі шамасында күдіктілер өз автокөліктерімен аудан орталығының азық-түлік дүкенінің жанында тоқтаған. Есігін бұзу арқылы ғимараттың ішіне кіріп, тауар мен кассадан ақшаны, жинақ сандықшасынан «копилкадан» 300 000-ға жуық теңгені қолды қылған.
Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде ұрланған заттардың бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды. Күдіктілер қамауға алынды. Тәртіп сақшылары күдіктілердің осыдан басқа да ұрлықтарға қатыстылығын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз мүлкін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Дүкендердің және тұрғын үйлердің терезелері мен есіктерін темір торлармен және сенімді құлыптармен нығайту керек. Сондай-ақ мүмкіндігінше бейнебақылау камерасын, күзет дабылқаққышын орнату қажет. Егер сіз бөтен мүлікті ұрлаудың немесе басқа да қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру