Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дүкенге ұрлыққа түскен түлкібастық жігіт ақша мен 40 дана темекі қорабын жымқырып кетті

Түркістан облысында дүкенге ұрлыққа түскен күдікті азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас АПБ-на аралас заттар дүкен иесі, жергілікті тұрғын арызданады. Кәсіпкердің айтуынша, сағат 04:00 шамасында оның дүкеніне белгісіз біреу есігін бұзу арқылы заңсыз кіріп, кассада тұрған 120 мың теңге ақша мен 40 дана темекі қорабын жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. Жалпы шығын сомасы 390 мың теңгені құрайды.

Аталмыш ұрлық қылмысы жайты бойынша Түлкібас АПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізеді. Полицейлер барлық қажетті шараларды іске асырып, күдіктінің жеке басын анықтайды. Оны тұрғылықты мекен жайынан ұстап, АПБ-на жеткізеді. Дүкенге ұрлыққа түскен күдікті жігіт сол дүкеннің тұрақты келушісі болып шықты. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданының тұрғыны өз кінәсін толықтай мойындады.

Осы қылмыстық істі тергеп-тексеру және күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында тәртіп сақшылары жүйелі жұмыстарды атқаруда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарын, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру