Дүкеннен брендтік киімдерді балалар арбасына салып алып шыққан әйел құрықталды
Елордада дүкеннен брендтік киімдерді балалар арбасына салып алып шыққан әйел құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға сауда желісінің өкілі жүгініп, белгісіз әйел бутиктен киім алып кеткенін, осылайша 70 мың теңгеге жуық шығын келтіргенін хабарлаған.
Нұра ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы қала тұрғынын анықтады. Тергеу барысында әйелдің сол жақ жағалауда орналасқан сауда-ойын-сауық орталығындағы брендтік бутиктердің біріне келгені белгілі болды. Ол сауда залында клиент кейпінде киімдерді қарап жүріп, өзіне керектерін таңдап, киіну бөлмесіне кіріп кеткен. Содан кейін қаскүнем ұрлыққа қарсы магниттерді шешіп, күрте мен жейдені балалар арбасына салып дүкеннен шығып кеткен.
Кейін сатушылардың бірі бөлмеден магниттерді тауып алып, ұрлық жасалғанын түсінген және полицияға хабарлаған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған әйел мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.