Екі арманды тоғыстырған бір қызмет: СҚО ПД инспектор-кинологы
СҚО Полиция департаментінің Кинологиялық қызметінде тек ер азаматтар ғана емес, нәзік жандылар да қиын жұмыста төзімділік пен табандылық танытып, қызмет атқарып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солардың бірі – Татьяна Васичкина. Ол бұл бөліністегі жалғыз әйел қызметкер. Бұл лауазымға ол екі жыл бұрын келген. Ол жұмысының жауапкуершілікті, сабырлылықты талап ететіндігін жақсы түсінеді. Өйткені, жануарларды үйрету оңай емес, олардың мінездері әр түрлі. Жас қызметкер жарылғыш заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді іздейтін иттермен жұмыс істейді.
Серіктесімен алғашқы рет 2020 жылдың ақпан айында кездесіпті. Неміс овчаркасы Атоспен алғашқы күнен бастап достасып кеткен. Қазір кинолог Гретта есімді жас күшікті кинологиялық қызметтің қыр-сырына үйретпек. Ол жарылғыш заттарды іздеуге мамандандырылған. Сержант төрт аяқты серіктеске ерекше күтім және қамқорлық қажет екенін түсінеді. Әр күн иттерді тамақтандырудан, үйшіктерін тазалаудан және сабақтардан басталады. Иттер күніне екі рет тамақтанады.
– Мен әрқашанда иттермен және жануарлармен байланысты жұмыс тапқым келетін, бірақ мен өз арманымды орындай аламын деп ойлай алмадым. 5 жыл бойы шарт бойынша ішкі істер органдарында қызмет еттім, содан кейін бұнымен тоқталмай, алға ұмтылу туралы шешім қабылдадым. Ішкі істер органдарында қызмет ету – менің мектепте оқып жүрген кезімдегі тағы бір арманым болды. Маған кіші инспектор-кинолог лауазымын ұсынған кезде, бір қызметте екі арманымның тоғысқанын түсіндім. Әрине, мен бірден келістім, – дейді полиция сержанты Татьяна Васичкина.
– Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде барлығы 52 қызметтік ит бар. Кинологиялық қызмет орталығында – 20, аудандық полиция бөлімдерінде – 26, Петропавл қаласының Полиция басқармасында алты ит тәртіпті қадағалап, қылмыстарды ашуға септігін тигізіп келеді. Негізінен – неміс, бельгиялық овчаркалар, лабрадор-ретриверлер және орыс аңшы спаниельдері, – дейді СҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаев.
Жыл басынан иттер 701 рет қолданылды, олардың көмегімен түрлі 472 қылмыс ашылды, сондай-ақ құқық бұзушылықтар да анықталды.