Екі ер адам бұқаны атып өлтіргені үшін ұсталды
Атырау мен Ақтөбе облысының екі тұрғыны бұқаны атып өлтіргені үшін ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 тамызда Ақтөбе және Атырау облыстарының шекарасында полиция қызметкерлері «УАЗ» маркалы автокөлігін тоқтатты.
Әңгімелесу барысында екі ер адамның Байғанин ауданындағы жайылымда бөтен бұқаны атып өлтіргені және атылған малды көрші Атырау облысына тасымалдамақ болғаны анықталды. Миялы ауылының 1959 жылғы мал иесіне келтірілген шығын 550 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша Байғанин ауданының 41 жастағы тұрғыны және Атырау облысы Жылыой ауданының 29 жастағы тұрғыны ұсталды.
Полиция қызметкерлері «УАЗ» маркалы автомашинасын, аңшы мылтығын, мылтық патрондарын, ас үй пышағын, атылған бұқаны тәркіледі. Күдіктілер Байғанин аудандық ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 188-1 бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.