Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екі жігіт қылмыс үстінде ұсталды

Түркістан облысының полицейлері жылқыны атып, оны сойып сатпақ болған күдіктілерді қылмыс орнында ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстардың жолын кесу және жол қозғалысын реттеу барысында күнделікті қызметін атқарып жүрген Созақ АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары Қанат Бұрышов, Фарход Айтишев, Мұхтар Беков түнгі сағат 23:30 шамасында өздеріне бекітілген учаскелік аймақты патрульдеу кезінде қатты жылдамдықта келе жатқан «Audi» маркалы көлікті тоқтатады. Алайда көлік жүргізушісі тоқтамай, заңды талапқа бағынбайды. Соңынан қызметтік көліктерімен ілесіп жүрген полицейлер жүк қорабына ауыр жүк артып алғанын байқайды. Осылайша полицейлер күмәнді көліктің қашып кетуіне кедергі туғыза отырып, соңында тоқтатады. Көлікті тексеру барысында жүк қорабынан жаңа сойылған жылқының еті және аңшы мылтығы табылады.

Тергеу барысында анықталғандай, екі туыс жігіт алдын ала сөз байласып, жайылымнан қараусыз жүрген жылқыны атып, сойып, етін өздерінің көліктерімен апарып сатпақ болған. Алайда, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберліктері мен қырағылықтары арқасында күдіктілер анықталып, етін сатып үлгермеді.

Олар өз кінәларын толық мойындады.

Осылайша, күдікті екі жігіт қылмыс үстінде ұсталды. Олар жұмыссыз, жергілікті тұрғындар болып шықты. Айғақты зат ретінде жылқының еті мен тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығы алынды.

Тәртіп сақшылары тез арада іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жылқының кімге тиесілі екенін анықтады. Жылқының етін тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Сондай-ақ тергеу барысында жас жігіттердің қыркүйек айында жергілікті тұрғынның буаз жылқысын жайылымда атып алып, етін сатып жібергендері белгілі болды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Жайылымда қараусыз қалдырмай, сенімді бақташы жалдауға кеңес береді. Қора-жайларыңызды, аулаларыңызды мықтылап бекітіңіздер деп кеңес береді. Егер, мал ұрлығы орын алған жағдайда уақыт кетірмей, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру