Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұз мектептерінде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында құқықтық сабақтар өтті

Екібастұз мектептерінде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында құқықтық сабақтар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтық – қазіргі қоғамда кең таралған қылмыс түрлерінің бірі. Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Екібастұз қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері №9, 10, 33 және 35 мектептерге арнайы барып, оқушыларға құқықтық сабақтар өткізді.

Сабақ барысында полицейлер интернет-алаяқтардың ең жиі қолданатын айла-амалдары туралы айтып берді. Олардың қатарында "банктен қоңырау шалу", интернет арқылы тауар сатуға байланысты алдын ала төлем талап ету және тағы басқа тәсілдер бар.

Тәртіп сақшылары нақты мысалдар келтіріп, азаматтардың алаяқтардың құрбанына қалай айналатынын түсіндірді. Мәселен, кейбір адамдарға криптовалюта немесе инвестициялық жобаларға ақша салып, жоғары табыс табуға болатыны уәде етіліп, нәтижесінде олардың қаржысы алаяқтардың қалтасына кеткен. Сонымен қатар кей жағдайларда алаяқтар "жақыныңыз жол апатына ұшырады" деген желеумен ақша талап еткен.

Полицейлер жеке деректер мен SMS-кодтардың қауіпсіздігіне ерекше тоқталды.

- Код – бұл сіздің телефоныңыз бен жинағыңыздың кілті. Оны ешкімге беруге болмайды, – деп ескертті олар.

Мектеп оқытушылары полиция қызметкерлерінің келіп, қауіп туралы ескертуі оқушылар үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Бұл кездесулер "Жасөспірім" жедел алдын алу іс-шарасы аясында өткізіліп жатыр және 6 мамырға дейін жалғасады.

Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын қырағы болуға, белгісіз нөмірлерден келген "банк қызметкерлерінің" қоңырауларына сенбеуге, алдын ала төлем жасауға келіспеуге және құпия деректерді бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру