Екібастұз мектептерінде киберсауаттылыққа арналған танымдық кездесулер өтті
Екібастұз мектептерінде киберсауаттылыққа арналған танымдық кездесулер өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл қызметкерлері оқушыларға интернеттегі қауіпсіздік тақырыбында профилактикалық сабақтар өткізді.
– Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдерге желіде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын үйрету, кибералаяқтықтың алдын алу және зиянды ақпараттың таралуына тосқауыл қою. Қарапайым әрі түсінікті түрде біз интернетте сақ болудың маңызын түсіндіреміз: бейтаныс адамдарға сенбеу, жеке деректерді ешкімге жария етпеу және алынған ақпаратқа сын көзбен қарау, – деді Екібастұз қаласы полиция бөлімінің жедел уәкілі Диас Сабыров.
Сабақ барысында көрнекі материалдар мен интерактивті тапсырмалар пайдаланылып, оқушылар цифрлық гигиена ережелерін жеңіл қабылдады. Әсіресе, интернет қауіпсіздігіне арналған викторина ерекше қызығушылық тудырды. Балалар өз білімдерін ортаға салып, тапқырлық танытып, ең мұқият қолданушы атану үшін бақ сынасты.
Мұндай бастамалар өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға әрі цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға зор ықпал етеді.