Екібастұзда автокөлік ұрлығы дер кезінде анықталды
Екібастұзда автокөлік ұрлығы дер кезінде әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қалалық полициясына түнгі уақытта жеке үй ауласынан Volkswagen Vento автокөлігінің ұрланғаны туралы хабар түсті.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленуші көлігін қақпаның алдына қойып, есіктерін жаппай, ал кілтін күлсалғышта қалдырған. Осыны пайдаланған қаскөй көлікті еш қиындықсыз оталдырып, белгісіз бағытта ізін суытқан.
Ұрланған көлікке қатысты бағдар барлық кезекші полиция нарядтарына беріліп, құрықтау жедел жоспары жарияланды. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде күдікті Екібастұз – Майқайын автожолында қолға түсті. Тексеру барысында оның мас күйінде болғаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Павлодар қаласындағы арнайы қабылдау орнына қамалды. Автокөлік заңды иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері көлік иелеріне автокөліктерін қараусыз қалдырмауды, заманауи дабыл және ұрлыққа қарсы жүйелерді орнатуды, сондай-ақ қылмыскерлерге мүмкіндік бермес үшін салон ішінде кілт пен құнды заттарды қалдырмауды қатаң ескертеді.