Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда еңбек ұжымдары интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын талқылады

Екібастұзда еңбек ұжымдары интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласының прокуратурасы мен полиция басқармасы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қаладағы еңбек ұжымдары арасында интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауқымды ақпараттық кампания аясында өңірдегі ұйымдар мен кәсіпорындарда, оқу орындарында 92 кездесу ұйымдастырылды.

Мәселен, "Восточный" көмір разрезінде өткен кездесу барысында қатысушыларға қаржылық сауаттылықты арттыру, интернеттегі алаяқтық әрекеттердің алдын алу және жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Мамандар азаматтарға интернет-алаяқтардың жиі қолданатын амал-айлаларын айтып, келесідей нақты кеңестер берді:
- Жеке деректерді, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз;
- Бейтаныс тұлғалардың сұранысымен күмәнді мобильді қосымшаларды жүктемеңіз;
- Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- Ақшаңызды күмәнді инвестициялық жобаларға салмаңыз;
- Банктік шоттарыңыз бен карталарыңызды бөтен адамдарға бермеңіз.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, интернет-алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, оларды өз ақшаларын «өз еркімен» беруге мәжбүрлейтін түрлі психологиялық тәсілдерді шебер қолданады. Олар көбіне туыстары үшін алаңдаушылық, жалған жүлделер ұту сынды сенім тудыратын мотивтерді пайдаланады.

2025 жылдың басынан бері қалада интернет-алаяқтықтың 93 фактісі тіркелсе, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 235-ке жеткен. Бұл қылмыс түріне қарсы күресте ақпараттық алдын алудың маңыздылығын айқын көрсетеді. Осыған орай, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру