Екібастұзда ерекше сипаттағы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды
Павлодар облысының Екібастұз қаласында ерекше сипаттағы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындардың назарын шұғыл қызмет көліктеріне жол беру қажеттігіне аудару мақсатында "Ал сіз арнайы машинаны өткізіп жібересіз бе?" атты тәжірибелік эксперимент өткізілді.
Эксперимент барысында өрт сөндіру қызметінің жауынгерлік автокөліктері жарық маяктарын және дыбыстық сигналдарын қосып қала көшелерімен жүріп өтті. Бұл кезде патрульдік полиция қызметкерлері қатар жүріп, жүргізушілердің арнайы көліктерге жол беру тәртібін сақтайтынын бақылап отырды.
– Бұл іс-шараның мақсаты – жүргізушілерге шұғыл шақыртуға бара жатқан арнайы техникаға жол берудің маңызын еске салу. Себебі полиция, жедел жәрдем немесе өрт сөндіру қызметі оқиға орнына неғұрлым тез жетсе, адам өмірін сақтап қалуға және материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік соғұрлым жоғары болады. Эксперимент барысында ешқандай құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Жүргізушілеріміз бұл бағытта жауапкершілік танытып отыр, – деді Павлодар облысы ПД өкілдері.
Дегенмен, полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің аулаларында туындайтын мәселені де атап өтті. Аула аумағына көлік қою кезінде жүргізушілер өрт сөндіру техникасының немесе жедел қызмет көліктерінің кедергісіз өтуін ескере бермейді. Бұл жағдайда арнайы техниканың маневр жасауына кедергі келіп, алтын уақыттың зая кетуіне себеп болады.
– Мұндай жағдайда автоцистернаны қажетті жерге орналастыру қиынға соғады. Қызмет көрсету уақыты созылып, шұғыл әрекетке кедергі келуі мүмкін, – дейді тәртіп сақшылары.
Осыған байланысты полиция азаматтарды келесі қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау арқылы өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдауға шақырады:
-
Жолда келе жатқан арнайы сигналдары қосылған көлікке міндетті түрде жол беру қажет;
-
Сигналдары қосылған арнайы техниканы басып озуға тыйым салынады;
-
Жыпылықтайтын маягы жанған, тоқтап тұрған арнайы көлікке жақындағанда жүргізуші жылдамдықты азайтып, қажет болған жағдайда толық тоқтауы тиіс;
-
Аула мен автотұрақтарда көлік қою кезінде шұғыл қызмет көліктеріне арналған кіреберіс жолдарды бос қалдыру қажет.
– Тоқтаңыз. Арнайы техниканы өткізіп жіберіңіз. Мүмкін бұл әрекетіңіз біреудің өмірін сақтап қалар, – деп қорытындылады полиция өкілдері.