Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда "Есептегі тұлға" ЖПІШ аясында есепте тұрған 300-ге жуық азамат тексерілді

Екібастұзда "Есептегі тұлға" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 296 есепте тұрған азамат тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласында "Есептегі тұлға" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, үш күн ішінде тұрғылықты жері бойынша 296 есепте тұрған азамат тексерілді. Олардың қатарында әкімшілік қадағалаудағы 15 адам, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 36 азамат және ресми түрде әкімшілік қадағалауға жататын 74 тұлға бар.

Тексеріс барысында сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғандар анықталды. Атап айтқанда, екі азамат өз үйлерінде мас күйінде болып, белгіленген тәртіпке қайшы әрекет жасаған. Оларға қатысты сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актілерін орындамағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды.

Сондай-ақ қорғаныс нұсқамасын бұзған үш азамат ұсталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан бөлек, тексеріс барысында үш азаматтың сағат 22:00-ден кейін өз үйлерінде болмағаны анықталды. Ал тағы екі адам белгіленген күні есепке тіркелуге келмеген.

Жедел іс-шара барысында полиция бөліміне Абай көшесіндегі үй тұрғындарынан шағым түсті. Олардың айтуынша, бір азамат пәтеріне күмәнді адамдарды жинап, спирттік ішімдік ішетін болған. Учаскелік инспекторлар оқиға орнына барып, бұл адамның кіреберісте және үйдің ауласында айналасындағыларға құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтып, тәртіпсіздік жасағанын анықтады. Оған қатысты қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл азамат бұрын да есепке алынғандықтан, оның әрекеттері қайта тіркеліп, сот шешімімен 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция департаменті "Есептегі тұлға" жедел-профилактикалық іс-шарасының 23 ақпанға дейін жалғасатынын еске салады.

"Заң және тәртіп" қағидаты – ішкі істер органдары жұмысының басты негізі. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар заң алдында жауап береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру