Екібастұзда ІІО ардагері жас полицейлерге тәлімгерлік етеді
ІІО ардагерлері жас қызметкерлермен тығыз байланыста болу үшін Екібастұздағы учаскелік полиция пункттеріне тәлімгер ретінде бекітілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастама ардагерлердің тәжірибесі мен білімін жаңа буынға жеткізіп, полиция қызметіндегі сабақтастықты нығайтуға бағытталған. Аға буын өздерінің кәсіби жолында кездескен оқиғаларымен бөлісіп, жас полицейлерге қызмет барысында қажет болатын құнды сабақтар береді.
Кезекті кездесу Екібастұз қаласы ПБ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бибігүл Исаевамен өтті. Ол қаланың он екі учаскелік полиция пунктінде ардагерлердің тәлімгерлікке тағайындалғанын атап өтті. Тәлімгерлердің басты міндеті – жас қызметкерлерге патриоттық тәрбие беру, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына атсалысу және азаматтардың құқықтарын қорғау ісіне үлес қосу. Сонымен қатар, мамандықтың маңыздылығын түсіндіріп, үздіксіз білім алу мен біліктілікті арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Кездесуде учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлері ардагердің полицияның әртүрлі бөлімшелеріндегі жұмыс ерекшеліктері, халықпен өзара іс-қимыл тәсілдері және азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызы жөніндегі әңгімелерін қызығушылықпен тыңдады. Сондай-ақ, ардагер жанжалдарды шешу жолдары мен әкімшілік аумақтағы жұмысты тиімді ұйымдастыру бойынша өз кеңестерімен бөлісті.
Мұндай кездесулер учаскелердегі бірлескен рейдтермен қатар жүреді. Олар полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандырып, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтуға және полиция қызметі туралы қоғамды кеңінен хабардар етуге бағытталған, – деп атап өтті Бибігүл Исаева.