Екібастұзда көшеге лас су ағызған тұрғын жауапқа тартылды
Екібастұзда көшеге лас су ағызған тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалпы пайдалану орындарының ластануына байланысты құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Екібастұз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторлары халықпен үнемі профилактикалық жұмыс жүргізеді. Бұдан басқа, тәртіп сақшылары абаттандырудың бұзылу фактілерінің алдын алуға және анықтауға бағытталған рейдтер жүргізеді: белгіленбеген орындарға қоқыс төгу, жалпы пайдалану орындарының ластануы.
– Мәселен, Екібастұз қаласында Степная көшесінде тұратын 60 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол өз ауласында орнатылған септиктен көшеге лас су ағызған. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша хаттама толтырылды, – деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Омаров.
2023 жылдың басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін барлығы 261 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың, саябақтардың, скверлердің ластануы, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтардың шығарылуы 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер осы бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалса, бұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.