Екібастұзда патрульдік полицейлер бір тәулікте 30-дан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті
Екібастұзда патрульдік полицейлер бір тәулікте 30-дан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тыныштығы – күн сайын тынымсыз атқарылатын қажырлы еңбектің нәтижесі. Патрульдік полиция қызметкерлері күндіз-түні қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бірінші ауысым таңертең басталып кешке дейін жалғасса, екінші ауысым түнгі уақытқа жалғасып, таңғы кезекпен аяқталады.
Қызметкерлер ауысым басталардан бір сағат бұрын саптық байқауға жиналады. Мұнда жедел-профилактикалық іс-шаралар, іздеу жұмыстары мен құқықтық ахуалға байланысты маңызды ақпараттар түсіндіріліп, бағыт-бағдар беріледі. Осыдан кейін әр экипажға белгілі бір учаске бекітіледі. Күн сайын патрульдік бағыттар өзгеріп отырады, бұл қала аумағын толық бақылауға мүмкіндік береді.
– Қаладағы әр аудан тәулік бойы бақылауда болады. Біздің негізгі мақсатымыз – қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Күн сайын патрульдеу барысында түрлі жағдайларға тап боламыз: 102 нөміріне түскен шақыртуларға жедел әрекет ету, азаматтарға көмек көрсету, қылмыс жасаған күдіктілерді ұстау, іздеудегі адамдарды анықтау, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізу – осының барлығы біздің қызметіміздің бір бөлігі ғана, – дейді полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды ұстау барысында әрдайым сақ болуға міндетті. Өйткені кейбір азаматтар өзімен бірге тыйым салынған заттарды алып жүреді.
– Күдікті адамды тоқтатқанда, ең алдымен оның жанында қандай да бір заңсыз заттардың бар-жоғын анықтаймыз. Егер күдік расталса, оны полиция бөліміне жеткізіп, тиісті тергеу амалдарын жүргіземіз. Жыл басынан бері тұрғындардан 37 шаншу-кесу құралдары тәркіленді, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Түнгі кезекшілік барысында полиция қызметкерлері Haval M6 автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Оның көлік жүргізу мәнері тәртіп сақшыларының күдігін туғызды. Медициналық тексеріс нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары сотқа жолданды.
– Жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 8 жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.
Күнделікті қарбаласқа толы жұмыс кестесіне қарамастан, патрульдік полиция қызметкерлері үйлеріне асығып, жақындарымен уақыт өткізуді қалайды. Әрбір автопатруль – бұл бір мақсатқа жұмылған, бір-бірін сөзсіз түсінетін ұйымшыл команда.
Қоғамдық тәртіп – күнделікті қажырлы еңбек пен тұрақты бақылауды қажет ететін қастерлі құндылық. Бұл жолда әрбір полицейдің еңбегі өлшеусіз.