Екібастұзда полицейлер интернет-алаяқтық жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Екібастұзда полицейлер интернет-алаяқтық жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Цифрлық технологиялар қарқынды дамып келе жатқан қазіргі заманда алаяқтар да интернет арқылы азаматтарды алдаудың түрлі айла-тәсілдерін меңгеруде. Осыған байланысты полицейлер қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында халықпен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары нақты мысалдар арқылы жалған онлайн-дүкендердің құрбаны болмау және жеңіл жолмен пайда табуды уәде ететін күмәнді сілтемелерге алданып қалмау жолдарын түсіндірді. Қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратылып, әрқайсысы цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым, бірақ маңызды қағидаларымен танысты.
– Киберқауіп көзге көрінбейді, бірақ оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеңіздер және жеке деректеріңізді жария етпеңіздер, – деп атап өтті Екібастұз қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Қанағат Бекжігітов.
Жергілікті тұрғындар да кездесудің пайдалы болғанын айтты. Олардың кейбірі таныстары мен туыстары интернет-алаяқтардың құрбаны болған жағдайлармен бөлісті.
Полиция азаматтарды интернетте кез келген операция жасағанда барынша сақ болуға және күмән тудыратын хабарламалар мен қоңырауларға жауап бермеуге шақырады.
