Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицейлер кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті

Екібастұзда полиция қызметкерлері "Богатырь Көмір" ЖШС ұжымымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Кездесу барысында тәртіп сақшылары өңірдегі криминогендік ахуал туралы баяндап, кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов аталаған кезең мен өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыс статистикасын таныстырды. Ол тіркелген құқық бұзушылықтар саны, олардың ашылу деңгейі туралы мәлімет беріп, жекелеген қылмыс түрлері бойынша динамиканы атап өтті.

Әсіресе, алаяқтықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, өткен жылы және биыл интернет-алаяқтық пен өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратындардың телефон қоңыраулары кең таралған.

Қала тұрғындарына қырағылық таныту, жеке деректерін, банк карталарының реквизиттерін және растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді. Кездесу барысында полиция басқармасының бастығы жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелеріне де тоқталды.

Ол өткен жыл мен ағымдағы жылдың басындағы жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдау барлық жол қозғалысына қатысушылардың ЖҚЕ-ні қатаң сақтау қажеттігін көрсететінін атап өтті.

Кездесу соңында кәсіпорын қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция өкілдерінен жан-жақты түсіндірме алды. Мұндай кездесулер құқық қорғау органдары мен еңбек ұжымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру