Екібастұзда полицейлер колледж студенттеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Екібастұз қаласында полиция басқармасының қызметкерлері интернет алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алу және болдырмау мақсатында Екібастұз инженерлік-техникалық институты колледжінің студенттерімен арнайы ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары интернеттегі алаяқтықтың түрлері сан алуан екенін атап өтті. Олар интернет пайдаланушыларын ескертіп, қазіргі уақытта интернет алаяқтардың айла-амалдарына алданып, өздерінің жеке деректерін бөлісіп, интернет-қосымшалар арқылы қауіпсіздігіне сеніп тауар алатын адамдардың саны артып жатқанын мәлімдеді.
Полиция қызметкерлері интернеттегі банктік қызметтерге байланысты деректерді, соның ішінде телефон нөмірлерін жарияламауға кеңес берді. Сонымен қатар студенттерге есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың зардаптары мен оның жазасы туралы да түсініктеме берілді. Құқық қорғаушылар есірткіге қатысты қылмыс жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын айтты.
Кездесу барысында студенттерге заң талаптарын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша практикалық ұсыныстар беріліп, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері түсіндірілді.
— Жас ұрпақты қырағылық танытып, жеңіл жолмен табыс табу мүмкіндіктеріне сенбеуге шақырамыз, — деді кездесудің соңында Екібастұз қаласы ПБ бастығының орынбасары Қанат Кәрімжанов.