Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицейлер оқушылар мен  студенттерге қауіпсіздік сабағын өткізді

Екібастұзда полицейлер оқушылар мен  студенттерге қауіпсіздік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласы полиция басқармасының қызметкерлері қаладағы оқу орындарының оқушылары мен студенттері үшін қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция қызметіне қызығушылықты арттыру болды.

Сабақ барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академияларына түсу тәртібі туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция өкілдері ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, үміткерлерге қойылатын талаптар, сондай-ақ ІІМ жүйесіндегі кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сонымен қатар оқушылар мен студенттерге ҚР ІІМ академиясына түсу шарттары мен артықшылықтары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Оларға іріктеу кезеңдері, емтихан тәртібі және талапкерлерге берілетін жеңілдіктер туралы айтылды.

Кәсіптік бағдармен қатар, полицейлер жастармен нашақорлықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтардан қорғану және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау тақырыптарында профилактикалық әңгімелер өткізді. Әсіресе, жасөспірімдердің өз мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауы мен жол ережелерін қатаң сақтау қажеттілігіне баса назар аударылды.

– Мұндай кездесулер полиция мен жастар арасындағы сенімді нығайтуға, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыруға және жас буынның полиция қызметіне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.

Бұл бастама Екібастұз полициясының жастармен тығыз байланыс орнатуға және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру