Екібастұзда полиция 4500-ден астам жол ережесін бұзу дерегін анықтады
Екібастұзда полиция 4500-ден астам жол ережесін бұзу дерегін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел алдын алу іс-шаралары барысында 4500-ден астам жол жүру ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде 104 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарған.
Мәселен, бір тәулік ішінде үш жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталды. Энергетиктер көшесінде ВАЗ-21144 жүргізушісі, Қонаев пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында Daewoo Nexia жүргізушісі және М. Әуезов көшесінде Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі алкогольдік масаң күйде ұсталып, арнайы медициналық куәландырудан өтті. Олардың көліктері айып тұрағына қойылып, материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен әрқайсысы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сондай-ақ жылдамдықты асырған – 1795, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 691, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өткен – 240, апаттық жағдай туғызған – 63 және қарсы бағытқа шыққан – 49 жүргізуші анықталды.
Жол-көлік оқиғаларының тағы бір себебі – жолдардың жағдайы. Осыған орай, өңірде 65 тексеру жүргізіліп, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақаулар анықталды. Нәтижесінде 42 нұсқама беріліп, 36 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер органдарының басты қағидаты – "Заң және тәртіп". Бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және қоғамдық тәртіпті сақтаудың негізі. Заң бұзған әрбір азамат жауапкершіліктен тыс қалмайды.