Екібастұзда полиция мектеп автобустарын тексерді
Екібастұзда полиция мектеп автобустарын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері оқушыларды мектепке тасымалдауды ұйымдастыру кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мектеп автобустарына кешенді тексеру жүргізді. Барлығы 6 мектеп автобусы қаралды.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары көліктердің техникалық жағдайын, техникалық байқаудан өткені туралы мәліметтерді, өрт сөндіргіштердің, алғашқы көмек қобдишасының және апаттық тоқтау белгілерінің бар-жоғын мұқият қадағалады. Ерекше көңіл жүргізушілердің тәртіптілігі мен қажетті санаттағы жүргізуші куәлігінің болуына аударылды.
– Балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі қатаң бақылауда. Мектеп автобустарында міндетті түрде "Балаларды тасымалдау" белгісі орнатылуы тиіс. Тексеру барысында ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрғазы Жамшитов.