Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полиция заңсыз алкоголь саудасын анықтау бағытындағы жұмысын жалғастыруда

Екібастұз қаласында полиция қызметкерлері заңсыз алкоголь саудасын анықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атап айтқанда 2025 жылдың қаңтарында дүкендердің бірінде алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылымы анықталды. Кәсіп иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс сотта қаралды. Соттың шешімімен оның бөлшек саудада алкоголь сатуға арналған лицензиясы екі ай мерзімге тоқтатылды.

Алайда жақын маңдағы үйлердің тұрғындары тәртіп бұзушылықтың әлі де жалғасып жатқанын айтып, шағымдануын тоқтатпады.

— Масаң күйдегі азаматтар аулаларда, үйлерінде жанжал шығарады. Түн ортасында айқай-шу көбейді. Алкоголь сатуға тыйым салынғанына қарамастан, дүкен өз жұмысын жалғастырып жатыр, — деп жергілікті тұрғындар учаскелік инспекторларға шағымданды.

Полиция қызметкерлері ақпан айында кезекті рейд өткізіп, сағат 21:20 шамасында А. Молдағұлов көшесіндегі дүкенде алкоголь өнімдерінің заңсыз сақталғанын анықтады. Тиісті лицензиясы жоқ кәсіп иесіне қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және рұқсатсыз әрекеттер жасау фактісі бойынша іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

 "Заң және тәртіп" қағидаты – ішкі істер органдары жұмысының негізгі тұғыры. Құқық қорғау саласының басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау. Заңнама алкоголь өнімдерін сатудың қатаң ережелерін белгілейді, ал оларды бұзу – елеулі құқықтық жауапкершілікке алып келеді.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды құқық бұзушылықтың куәгері болған жағдайда 102 нөміріне хабарлауға немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы өтініш беруге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру