Екібастұзда полицияға көмек көрсеткен еріктілер мен азаматтар марапатталды
Екібастұзда полицияға көмек көрсеткен еріктілер мен азаматтар марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласында белсенді азаматтар мен полицияға жәрдемдескен еріктілерге марапаттар табысталды. Қала полициясының бастығы Төлеген Құдайбергенов тұрғындар алдында жыл сайынғы есептік кездесу өткізді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде аса ауыр қылмыстар, тонау мен ұрлық, соның ішінде пәтер ұрлығы азайғаны байқалады.
Қоғамдық орындарда және кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны төмендеді. Есірткі қылмысына қарсы күресте оң нәтижелерге қол жеткізілді – заңсыз айналымнан 66 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, қылмыстық топ пен есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Мал ұрлығы да екі есеге қысқарды. Бүгінде полиция жұмысының басым бағыттарының бірі – тұрмыстық қылмыстың алдын алу. Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігі туралы Заңды іске асыру аясында ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды. Өткен жылы 75 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 271 ерекше талап белгіленді, ал 900-ден астам отбасылық жанжал шығарушыларға қорғау нұсқамалары шығарылды.
Басшы тұрмыстық қылмыстардың негізгі себебі алкогольді шамадан тыс тұтыну болып отырғанын атап өтті. Алдын алу мақсатында өңірдегі 15 ауыл алкогольден ерікті түрде бас тартқан.
– Сот шешімімен 60 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді, ал қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін 2765 азамат жауапкершілікке тартылды. Мас күйінде көлік басқарғаны үшін 271 адам ұсталды, – деді спикер.
Өзекті мәселелердің қатарында интернет-алаяқтық аталып, оның саны 57 пайызға артқаны айтылды. Сондай-ақ жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, жол-көлік оқиғаларының саны 263-ке дейін өскені атап өтілді.
Өңірде "Қауіпсіз қала" жобасы аясында бейнебақылау камераларының саны 234-ке дейін артты. Бұл 3 мыңнан астам құқық бұзушылықтың алдын алуға және бірқатар қылмыстың ашылуына мүмкіндік берді.
Кездесу барысында Төлеген Құдайбергенов тұрғындардың қоғамдық тәртіп, жол қозғалысы қауіпсіздігі және қылмыстың алдын алу мәселелері бойынша қойған сұрақтарына жауап берді. Барлық өтініштер мен ұсыныстар бақылауға алынды.
Офицер ашық диалог пен тұрғындармен бірлескен жұмыстың полиция қызметінің тиімділігін арттыруда және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда шешуші маңызға ие екенін атап өтті.
