Екібастұзда қызмет бабында қаза тапқан полицейді еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті
Екібастұз қаласы полиция басқармасы мен Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ербол Сембаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл спорттық бәсеке Екібастұздың құқық қорғау органдарының 8 командасының қатысуымен өтіп, сондай-ақ Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Ербол Сембаевтың әкесі Қабыкеш Қайроллаұлы, анасы Айтжамал және жұбайы Маржан арнайы қатысты.
Іс-шара барысында Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов, ІІО ардагері Болатбай Әбенов және Ардагерлер кеңесінің төрайымы Бибігүл Исаева сөз сөйледі.
Өзіне зор қайғы мен сағыныш сыйлаған сәтте Ерболдың әкесі Қабыкеш Қайроллаұлы да жүрекжарды тілегін білдірді. Ол ұлы Ерболды еске алғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысын айтып, Ерболдың спортты ерекше жақсы көргенін атап өтті.
- Егер ұлым арамызда болса, бүгінгі турнирдің алдыңғы шебінен көрінер еді, – деді ол тебірене.
Сондай-ақ Ерболдың қаза тапқан сәті мен оқиға барысы туралы еске алып, оның әріптестерінің ұлының есімін ұмытпай, оны құрметпен еске алып отырғанына ризашылығын білдірді. Ерболдың өмір жолы бүгінгі жас полиция қызметкерлеріне Отанға деген адалдық пен ерліктің жарқын үлгісі болып қала бермек.
Еске сала кетейік, Ербол Сембаев 1971 жылы Павлодар облысының Баянауыл кентінде дүниеге келген. 1988 жылы мектепті тәмамдап, әскер қатарында борышын өтеген соң туған ауылында жүргізуші, кейін "Екібастұзкөмір" кәсіпорнында слесарь-жөндеуші болып еңбек етті.
1993 жылдың тамыз айынан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып, Екібастұз ҚІІБ ОМАИ моторлы взводының инспекторы болып жұмыс істеді. 1994 жылдың 3 ақпанында стационарлық МАИ бекетінде қызмет етіп жүрген кезінде Ербол "КамАЗ" автокөлігін тоқтатқан болатын. Құжаттарды тексеру барысында жүргізушіден алкогольдің иісін сезіп, оны медициналық куәландыру үшін ауруханаға жеткізуге шешім қабылдайды. Алайда жол үстінде жүргізуші қалтасына алдын ала жасырып қойған ас үй пышағын суырып алып, Ерболға ту сыртынан сұғып алады. Жараланған полицей қалалық ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмады. Қылмыскер сол сәтте қолға түсіп, жауапкершілікке тартылды.
Шағын футбол турнирінде ойын алаңында нағыз тартысты сәттер орын алды. Он матчтың нәтижесінде командалар шеберліктерін паш етіп, өздерінің лайықты ойын өрнегін көрсетті. Жанкүйерлердің қызу қолдауы турнирге ерекше серпін берді.
Турнир қорытындысы бойынша:
Бірінші орынды – Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы командасы;
Екінші орынды – Павлодар облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы;
Үшінші орынды – облыстық ПД жедел қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) командасы иеленді.
Турнирдің үздіктері де марапатсыз қалмады:
Үздік ойыншы – Ахмет Оңдасы (Екібастұз қаласы ТЖБ командасы);
Үздік шабуылшы – Еламан Бекішев (Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасы);
Үздік қақпашы – Ернар Арсалам (Екібастұз қаласы прокуратурасы командасы);
Үздік шабуылшы – Қуаныш Байділдинов (ҰҚК командасы).
Барлық жеңімпаз командалар грамоталармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды. Ербол Сембаевтың есімі мен ерлігі әріптестерінің жүрегінде мәңгілік сақталады!