Екібастұзда тәртіп сақшысы қызметтік жолы жайында баяндады
Екібастұз қаласы ПБ полицейі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар сыйлығының лауреаты атанды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкері болу әрқашан көмек, қорғаныс және ертеңгі күнге сенімділік қажет жерде болуды білдіреді. Осы сөздермен Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали Екібастұз Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған жас және дарынды екібастұздықтар арасындағы байқауда таныстырылымын бастады. Байқаудың шарты өзінің жоғары кәсіби жетістіктерін растау болды.
– Мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және азаматтарды қорғауға өмірімді арнаған полиция офицерімін. Менің қызметім – жай ғана жұмыс емес, бұл – тәртіптілік пен батылдықты, іске толықтай берілу мен жанқиярлықты талап ететін саналы таңдау жолы. Патрульдік полиция ротасының командирі ретінде мен қызметті ұйымдастыруға, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауаптымын.
Күн сайын біз қоғамдық тәртіпті күзетеміз, өйткені біздің жұмысымыз – халықтың заң мен мемлекетке деген сенімінің кепілі екенін жақсы түсінеміз. Менің қызметім полиция қызметкері мамандығының маңыздылығын терең түсінуден басталды. Себебі біздің іс-әрекетіміз адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Мен патрульдік полиция инспекторы лауазымынан қызметімді бастадым. Жұмыстағы жоғары көрсеткіштердің нәтижесінде взвод командирі лауазымына тағайындалдым. Қазіргі таңда патрульдік полиция ротасының командирімін. Жеке құрамды басқарумен қатар, жедел қызметті жоспарлау және бақылау жұмыстарын жүргіземін, — дейді тәртіп сақшысы.
Полициядағы қызмет – құқықтық мемлекетті нығайтудың, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды бөлігі. Заңсыз әрекеттерге тап болған азаматтар ең алдымен полиция қызметкерлеріне жүгінеді. Мұнда азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, заңның үстемдігін сақтау және халық сенімін ақтау – аса маңызды.
— Менің мақсатым – осы сенімді адалдық, ашықтық және тиімді жұмыс арқылы қамтамасыз ету. Қызметтегі менің басымдықтарым: бөлімшеде тәртіп пен кәсібилікті нығайту, халықпен алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін енгізу, – деді таныстырылым барысында полицияның аға лейтенанты Арман Құрманғали.
Іріктеу құрамы айтарлықтай мықты болды – 11 бағыт бойынша 32 үміткер қатысты. Олардың барлығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлер спорт, мәдениет, өнер, журналистика, құқық қорғау органдары, білім және ғылым, медицина, волонтерлік қозғалыс, қоғамдық-саяси қызмет, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, кен өндіру саласы және басқа да өндірістік секторлардағы жетістіктері үшін ұсынылды.
Айта кетейік, Арман Құрманғали қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталған. Қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны және жоғары кәсібилігі үшін медальмен марапатталған. Жас қызметкерлерге тәлімгерлікті тәжірибеге енгізеді, бұл олардың кәсіби дайындығы мен тәртібін арттырады.