Екібастұзда тұрмыстық жанжал шығарған азамат жауапқа тартылды
Екібастұз қаласында 61 жастағы азамат отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның мәліметінше, ер адам мас күйінде бұрынғы жұбайының үйіне келіп, оны балағаттап, психологиялық қысым көрсеткен. Бұл әрекеттері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекет ретінде тіркелді. Учаскелік полиция инспекторы оқиға орнына жеткенде, тәртіп бұзушы көшеде де, полиция пунктінде де жанжал шығарып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған.
Бір жылдың ішінде бірнеше рет ұсақ бұзақылық жасаған азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар ол сот шешімімен белгіленген қорғау нұсқамасын, тәртіпке салу талаптарын және алкоголь тұтынуға салынған тыйымды елемеген.
Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция қызметкерлері мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және құқық қорғау органдары тарапынан әрбір заң бұзушылыққа тиісті құқықтық баға берілетінін еске салады.