Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кездесулер өтті

Екібастұзда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кездесулер өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамды алаңдатқан күрделі мәселелердің бірі. Осыған орай, «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы аясында Екібастұз қаласында бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шараларға «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ мен «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлері қатысты.

Кездесулер барысында Екібастұз қалалық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Бақытгүл Сейітқалиева тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін арнайы іс-қимыл алгоритмімен таныстырып, акцияның негізгі мақсаты мен маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнамалардағы елеулі өзгерістерге тоқталды.

Кездесуге қатысушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтар қойып, қызу талқылауға қатысты. Қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және өз құқықтарын қорғау жолдары туралы ақпараттық брошюралар мен буклеттер таратылды.

– Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, міндетті түрде 102 нөміріне немесе республикалық сенім телефондарына – 111 және 150 хабарласыңыз. Сіздің құқықтарыңыз толық қорғалады, барлық қажетті шаралар қабылданады, – деді Бақытгүл Сейітқалиева.

Бұл кездесулер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, оның салдарларын түсіндіруге және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру