Екібастұзда жаңа жыл мерекелері қарсаңында "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы өтуде
Жаңа жылдық мерекелер кезеңінде Екібастұз қаласында полиция "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ мерекелік күндері қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыру.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері азаматтар көп шоғырланатын орындарда, сауда нысандарында, ойын-сауық мекемелерінде және көлік инфрақұрылымында бақылауды күшейтті. Қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына жол бермеуге, сондай-ақ көші-қон заңнамасының сақталуына ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарына өзге де қызметтер тартылды. Атап айтқанда, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, "Барьер" күзет агенттігінің төрт патрульдік тобы, ЖҚАЖ қызметкерлері және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен олардың құқықтарын қорғауға бағытталған ювеналдық полиция топтары күшейтілген режимде кезекшілік атқаруда.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қырағылық танытуға және кез келген құқық бұзушылық туралы "102" нөміріне дереу хабарлауға шақырады.
Аталған жедел-профилактикалық іс-шара мерекелік күндері қалада тыныш әрі қауіпсіз ахуалды қамтамасыз етуге бағытталған.
