Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда жасөспірімдерге арналған "Өз өмірің – өз таңдауың" атты құқықтық диалог өтті

Екібастұзда жасөспірімдерге арналған "Өз өмірің – өз таңдауың" атты құқықтық диалог өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласында жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру және олардың жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатында "Қайнар" білім беру-демалыс кешенінде мазмұнды әрі маңызды кездесу ұйымдастырылды. "Өз өмірің – өз таңдауың" атты құқықтық диалогты қалалық білім бөлімі прокуратура және полиция басқармасымен бірлесіп өткізді.

Шара бейресми форматта өтіп, жасөспірімдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері еркін түрде пікір алмасуға мүмкіндік алды. Модераторлар кездесудің алғашқы минуттарынан бастап сенім мен ашықтыққа негізделген атмосфера қалыптастырды. Білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова жасөспірімдерге үндеу жасап, олардың әрқайсысының өміріне өзі жауапты екенін атап өтті:

— Біз сендерді тыңдауға және қолдауға келдік. Қателесу – қалыпты жағдай, бірақ оны түзеуге және дұрыс таңдау жасауға әрдайым мүмкіндік бар, — деді ол.

Кездесу барысында полиция және прокуратура қызметкерлері Шыңғыс Сәметов пен Аделия Белгубаева жасөспірімдерге өз құқықтары жайлы жан-жақты ақпарат берді. Олар білім алу, зорлық-зомбылықтан қорғану, сөз бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық және өз істеріне қатысты шешімдерге қатысу сынды құқықтар жайында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Сондай-ақ еңбекке араласу жастары мен шарттары туралы да айтылды. 14 жастан бастап ата-анасының рұқсатымен балалар денсаулығына зиян келтірмейтін қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысуға және кәсіп иесі болуға құқылы. Ал еңбек қатынастарына байланысты барлық құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

Полиция инспекторы Шыңғыс Сәметов жастардың заңды сақтауы да маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша қазіргі уақытта қала аумағында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Екі күн ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүрген 13 кәмелетке толмаған анықталып, оларға және олардың ата-аналарына қатысты профилактикалық әңгіме жүргізіліп, хаттамалар толтырылған.

Кездесудің екінші бөлімінде "Мен және Заң" атты құқықтық квест ұйымдастырылды. Қатысушылар шағын командаларға бөлініп, түрлі өмірлік жағдаяттарды шешуге, заң нормаларын қолдануға тырысты. Бұл жаттығу жасөспірімдердің құқықтық ойлау қабілетін дамытуға және топпен жұмыс істей білуге ықпал етті. Шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Прокуратура өкілі Аделия Белгубаева жастарға мотивациялық үндеу жасап, кездесуді түйіндеді:

— Сендердің болашақтарың – өз қолдарыңда. Ең бастысы – өзіңе сену, дұрыс таңдау жасап, өмірің үшін жауапкершілікті сезіне білу, — деді ол.

Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруда және олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру